11 мамыр күні цифрландыру күні өтіп, онда ҚР Ұлттық банкінің және ҚР Энергетика министрлігінің жобалары талқыланды. Кездесуге ІТ-компанияларының өкілдері, «Зерде» Холдингінің, ҚР ЭМ мен ҚР Ұлттық банкінің мамандары қатысты.

ҚР Ұлттық банкінің Төлем жүйелері департаменті директорының орынбасары Асем Мадиярова «Тұлғаны қашықтықтан сәйкестендіруді енгізу» жобасын ұсынды. Аталған жобаны іске асыру қашықтықтан көрсетілетін қаржылық қызметтер үшін ілгерінді қадам болып табылады, бұл цифрлық технологиялар дәуірінде аса маңызды және әр түрлі санаттағы клиенттерге географиялық орналасқан жеріне тәуелсіз әр түрлі қаржылық қызметтерді онлайн-режимде қауіпсіз және жылдам алуға мүмкіндік береді. Жобаның мақсаты – клиент қашықтықтан көрсетілетін қаржылық қызметтерді кедергісіз алуы үшін оны қашықтықтан сәйкестендіру механизмін құру. Жоба клиент қаржылық қызметтерді қашықтықтан алуы үшін қаржылық ұйымға жүгінгенде оны сәйкестендіруді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Банктермен келісілген анағұрлым оңтайлы нұсқа ретінде биометрияны және мемлекеттік дерекқорларын қолдануға негізделген клиенттерді қашықтықтан сәйкестендіру механизмін іске асыру ұсынылып отыр. Аталған жобаның артықшылықтары клиенттер үшін ыңғайлылық, биометриялық көрсеткіштерді пайдаланудың бірегейлігі болып табылады, бұл алаяқтық және деректерді үшінші тұлғалардың пайдалануы тәуекелдерін болдырмауға мүмкіндік береді.

Одан әрі ҚР Ұлттық банкінің Ақпараттық технологиялар басқармасы Инновациялар және қаржылық технологиялар бөлімі бастығының м.а. Елена Артыгалиева «Қаржы саласында Ашық платформалар (Open API) құру бөлігінде реттеу енгізу» жобасымен таныстырды. Жобаны іске асыру ҚР қаржы ұйымдары мен қаржылық-техникалық компаниялардың дамуын ынталандырады, жеке тұлғалардың қаржылық нарық қатысушыларымен және қаржылық-техникалық компаниялармен өзара іс-қимылы рәсімдерін жеңілдетеді, географиялық қолжетімділікті қамтамасыз етеді және төлем қызметтерінің құнын төмендетеді деп күтілуде. Жобаның мақсаты – қаржы нарығында бәсекелестікті арттыру және өзге ұйымдардың технологиялық мүмкіндіктері есебінен қаржылық қызметтерді кеңейту. Жұмыс ақпараттық қауіпсіздік, бірыңғай АТ-стандарттарды құру, реттеу бағыттары бойынша жүргізіледі деп ұйғарылуда. Жобаны қаржы нарығының және қаржылық-техникалық компаниялардың қатысушыларымен тығыз іс-қимылда іске асыру жоспарланып отыр. Банктің «Төлемдерге шынайы уақыт режимінде қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін банкаралық есептесулер жүйесін жаңғырту және оның базасында мобильдік төлемдер енгізу» үшінші жобасын Төлем жүйелері департаменті Төлем жүйелері саясаты басқармасының басшысы Алина Имангазина ұсынды.

Ол қаржылық ұйымдар көрсететін электрондық қаржылық қызметтер спектрін кеңейту, олардың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін оңайлатылған реквизиттер (мобильдік телефон номері) қолданумен бір сәттік режимде банкаралық есептесулер жүйесі құрылатыны туралы айтып берді. Жобаның мақсаты – кез келген банк клиенттері арасында мобильдік телефон номері бойынша бір сәттік режимде төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыруды қамтамасыз ету. Жоба банкаралық ортадағы төлемдерді жеделдетуге және қаржылық ұйымдардың онлайн сервистерін кеңейтуге бағытталған. Сондай-ақ электрондық коммерцияның дамуын ынталандырады және айқындылықтың артуына ықпал ететін бөлшектенген айналымдағы қолма-қол есептесулерді есеп шотына аудару формасына көшіруге бағытталған.

Сондай-ақ кездесуде ҚР Энергетика министрлігінің жобалары ұсынылды. ҚР Энергетика министрлігі Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры Алан Аралбаев ісшара қатысушыларын 2 жобамен таныстырды. Ол «Есепке алудың бақылаушы аспаптарын қолданумен мұнайды есепке алудың ақпараттық жүйесін құру және енгізу» жобасы туралы айтып берді. Жобаның мақсаты мұнай өндірісі мен айналымын бақылау мақсатында ақпараттың шынайылығын және уақытында ұсынылуын қамтамасыз ету болып табылады. МЕАЖ-ды іске асыру аясында мұнайдың көлеңкелі айналымы қысқаруының көлемі 192,7 мың тоннаны құрайды, сәйкесінше бұл салық түсімдерінің көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Олардың есептелуі жылына 3 400 367 000 теңге жалпы сомасындағы мұнай көлемімен тікелей байланысты (ренталық салық, пайдалы қазбаларды өндіру салығы), бұл мұнайдың әлімдік нарықтағы бағасының төмендуі шартында өзекті болып табылады. Одан әрі А.Аралбаев «Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі – онлайн аукцион, сұйылтылған мұнай газының балансын болжау» жобасымен таныстырды. Жоба қол қойылатын бонусты арттыру мақсатында кен орындарына онлайн-аукцион өткізудің тиімділігі мен айқындылығын қамтамасыз  етуге бағытталған. Жоба сұйылтылған мұнай газының бөлінуін бақылауды және мониторингтеуді жақсартуға және сұйылтылған мұнай газының балансын болжауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Одан әрі «Зерде» холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Павел Коктышев кездесудің қатысушыларына «Astana Hub» технопаркінің жоспарлары туралы айтып береді. П.Коктышев «Astana Hub» ІТ-нарық үшін қандай мүмкіндіктер беретіні туралы айтты және ІТ-компаниялардың барлық өкілдерін Технопарк жобаларын іске асыруға қатысуға шақырды. Кездесудің қорытындылары бойынша бірқатар бастамалар ұсынылып, ұсыныстар берілді.

Талқыланған тақырыптар, сұрақтар мен жауаптар, жобалардың презентациялары бар кездесу туралы толық есептілікпен https://digitalization.astanahub.kz/ сайтында танысуға болады.