ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Зерде» Ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ онлайн-форматта «БҰҰ-ның 2020 жылғы Электрондық үкімет жөнінде зерттеуі аясында өңір елдеріндегі электрондық үкіметтің даму жетістіктері мен сын-тегеуріндері» атты конференция өткізді.

БҰҰ-ның жаңа шолуы ағымдағы жылдың 10 шілдесінде жарияланды, зерттеудің негізгі үрдістері мен нәтижелері ТМД елдерінің АКТ министрліктері басшыларының, БҰҰ мамандарының, Эстония мен Израильдің халықаралық сарапшыларының қатысуымен өткен онлайн-кездесуде талқыланды.

Кездесуді ашқан ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жеке сектормен өзара іс-қимыл жөніндегі жұмыс туралы баяндады.

"Біздің азаматтарымыздың қызмет алуды таңдауы үшін біз бизнеспен белсенді ынтымақтасамыз", - деді министрлік басшысы.

Министр атап өткендей, Қазақстанда цифрландыруға жаңа серпін беру үшін Президент жанынан инновациялық әдістер мен технологиялық шешімдердің көмегімен өзекті мәселелерді шешуге арналған IT-кеңес – кеңесші орган құрылады.

«БҰҰ-ның зерттеу нәтижелері елдердің айтарлықтай жетістіктерге жеткенін және COVID - 19 пандемиясының өршуі кезінде трансформация жолында алға жылжығанын көрсетеді», - деді министр.

Министрлік басшысы Қазақстандық IT-компаниялар GovTech саласында жеткілікті тәжірибе жинақтағанын және мемлекеттік қызметтер көрсету бөлігінде нәтижелер мен кешенді шешімдерді шетелдік әріптестермен бөлісуге дайын екенін атап өтті.

Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хабтың Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменовтің айтуынша, мемлекеттік қызметтерді технологиялардың көмегімен оңтайландыру-үкімет үшін әлеуметтік бағдарланудың маңызды тәсілдерінің бірі.

"Экономикалық даму Үкімет іс-қимылының ашықтығын жақсарта алады және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте маңызды фактор бола алады. Осылайша, заманауи технологиялар Үкіметтің қабылдауына деген сенімді қалыптастыру үшін өте маңызды", - деп атап өтті Басқарушы комитеттің басшысы.

Қазақстанның электрондық үкіметті дамытудағы жетістіктері туралы БҰҰ цифрлық үкімет басқармасының басшысы Винченцо Акуаро айтып берді.

"Қазақстандағы трансформациялық жұмыстың маңыздылығын жете бағаламау мүмкін емес. БҰҰ зерттеуі "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасының айтарлықтай жетістіктерін көрсетті, соның арқасында еліміз Орталық Азияда ғана емес, бүкіл әлемде жетекші орынға ие", - деп атап өтті сарапшы.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту жөніндегі жаһандық рейтингінің кезекті шығарылымының қорытындысы бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында Ең үздік нәтиже көрсетіп, 29 сатыға орналасты.

Іс-шараның бейнежазбасын мына сілтеме бойынша көруге болады https://www.youtube.com/watch?v=Z8VMXOw10kY