2018 жылғы 16 сәуір, Астана қ.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (бұдан әрі – АХҚО) мен «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі (бұдан әрі – «Зерде») қазақстандық кәсіпкерлерді қолдау үшін қаржы технологияларды дамыту мақсатында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумға сәйкес, АХҚО мен «Зерде» «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркімен (бұдан әрі – «Astana Hub») бірлесе қаржы технологиялар, блокчейн-технологиялар, электрондық коммерция саласында ынтымақтасуға ниеттеніп отыр.

Ынтымақтастық шеңберінде қызметін енді бастаған кәсіпкерлер – «Astana Hub» резиденттері қаржы орталығының алаңында тіркеліп, ол ұсынатын артықшылықтарын пайдалана алады.

«Қаржы технологиялар мен электронды коммерция саласындағы инновациялық жобаларды дамыту АХҚО-ның басты бағыттарының бірі болып табылады. Біз «Astana Hub»-ты бизнеске қолайлы орта жасау, икемді реттеу және стратегиялық инвесторларды тарту арқылы жаңа жобаларды дамытуына қолдау көрсетуге дайынбыз. Осылайша, АХҚО мен «Astana Hub» өзара іс-қимылы Қазақстан мен өңірлік деңгейде басым технологияларды дамытудың іргетасын қалайды», - деді АХҚО цифрлық технологиялар жөніндегі директоры Ә. Жиенбаева.
      
Өз кезегінде, «Зерде» «Astana Hub» базасында блокчейн-технологияларын қолдана отырып, жаңа пилоттық жобалар мен стартаптардың дамуына және жүзеге асырылуына көмек көрсетеді.

«Astana Hub» технопаркінің ерекшелігі – оның халықаралық ашықтығы, сондықтан АХҚО-мен ынтымақтастық технопарктің дамуында маңызды рөл атқарады. Осындай ынтымақтастық бізге Қазақстандағы ірі технологиялық компанияларды дамытуды ынталандыруға және IT саласындағы шетелдік кәсіпкерлерді, мамандар мен инвесторларды ынтымақтастық жасауға тартуға мүмкіндік береді», – деді «Зерде» ҰАКХ» АҚ Басқарма Төрағасы Руслан Еңсебаев.

Тараптар тәжірибе алмасуды және жұртшылық үшін түсіндіру іс-шараларын жүргізуді жоспарлап отыр. Дәрістер, семинарлар мен конференцияларды өткізуге арналған бірлескен ғылыми-зерттеу және білім беру алаңдарының құрылуы қазақстандық студенттердің қаржы технологиялары саласындағы цифрлық сауаттылықтарын арттыруға өз ықпалын тигізетін болады.