21-22 тамызда Astana Hub Халықаралық IT-стартаптар технопаркінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы алғашқы қазақстандық-кореялық семинар өтуде.

Семинар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі А.Оспанов пен Корея Республикасының Ақпараттық қоғам ұлттық агенттігінің вице-президенті Канг Так Охтың қатысуымен өткізілуде. Қатысушылардың арасында мемлекеттік органдардың өкілдері, АКТ және цифрлық трансформация саласындағы мамандар бар.

Екі күннің ішінде Корея Республикасының Ақпараттық қоғам ұлттық агенттігінің сарапшылары мемлекеттік органдардың архитектурасын құрудағы, Smart City, 5G, жасанды интеллект, үлкен деректер дамуындағы озық тәжірибелер туралы әңгімелейді.

Сондай-ақ сарапшылар ақпараттандыру саласындағы Корея Республикасының мемлекеттік саясаты, экономика салаларын цифрлық түрлендіру және мемлекеттік жобаларда инновациялық шешімдерді қолдану тәжірибелерімен бөліседі.

Семинар аясында Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Корея Республикасы Ақпараттық қоғам ұлттық агенттігінің өкілдері арасында екіжақты кездесу өтті. Онда қатысушылар Astana Hub базасында ақпараттық технологиялар саласындағы Қазақстан-Корея орталығын құру мәселелерін талқылады. Орталықты құрудың негізгі мақсаты - өзара тәжірибе мен білім алмасу, стартап экожүйелерін дамытудағы басым жобаларды бірлесіп әзірлеу және жүзеге асыру, IT-компанияларды мемлекеттік қолдау, blockchain сияқты жаңа технологияларды енгізу, ашық деректер саясатын дамыту, жеке деректерді қорғау, 5G және басқа да бағыттар. .

Семинардың екінші күні тәжірибелік бөліммен жалғасады, атап айтқанда Корея Республикасы үкіметінде цифрлық жобаларды іске асырудың нақты мысалдарын талдау бойынша семинарлар өткізіледі.